МҰХТАР ЖӘКІШОВ: 2007 жылы "Қазатомпромда" жүргенімде бір кикілжің болды. Шетелде іссапармен жүр едім, сол жақтың уақыты бойынша таңғы төртте телефоным шыр ете қалды. Жұмыстан хабарласып тұр екен: - Мына жақта түнде төбелес болды. Ауылдың халқы келіп, вагондарымызды өртеді, құрылысымызға зақым келтірді, - дейді. - Кім олар? Неге өйтті? - десем: - Маргиналдар ғой (ауылдың қараңғы халқы деген секілді мағынада. - өзім) - дейді. - Енді не істейсіңдер? - десем: - Сот жасаймыз, ауылдың көзінше төбелес ашқандарды соттатамыз. Соттатып, түрмеде шірітеміз. Соны көрген келесі ұрпақ басқаша болып өссін, - дейді. Негізі бұл Байкенже деген ауылда болған жағдай еді. Біз Жапон компаниясымен бірігіп, құрылыс бастап жатқанбыз. Байкенже деген спортшылар көп шығатын, криминалға қатысы бар ауыл екен. Қызметкерімнің жаңағы бәрін соттатам деген шешімін тыңдап алдым да былай дедім: - Сенің айтып тұрғаныңмен келісер едім, бірақ кикілжің жасаған Марстың тұрғындары емес, өзіміздің халық қой. Біз ұлттық компаниямыз. Бізде осыдан басқа ұлт жоқ. Бұл рудниктің құрылысы халық үшін басталып жатыр. Халық соны түсінуі керек. Сен оларға түсінетіндей бір шешім тап. Қазір мен ұйықтаймын, екі сағаттан кейін оянамын. Басқа шешім айтатын бол. Осылай дедім де ұйықтап қалдым. Ақыры мынандай шешімге келіпті: - Ақсақалдарды жинап аламыз ба, жастар енді төбелес ашпайды, ештеңені қиратпайды, өртемейді деп уәде аламыз; - Құрылыстағы күзетке ауылдың спортшы жігіттерін аламыз; - Қара жұмысқа ең алдымен ауылдың адамдарын тартамыз, жетпеген жағдайда ғана сырттан әкелеміз; - Рудникте жұмыс істегісі келетін жастарды оқытып, кейін жұмысқа аламыз; - Ауылдағы мектепті жөндейміз; - Ауыз су тартып береміз; - Спорт алаңын жөндеп береміз; - Балабақша ашып береміз; - Балаларды тәрбиелеп, білім беріп, кейін олар тек қара жұмысқа ғана емес, инженер ретінде де қызмет істейтін қыламыз. Осылай деді. Осыны істеді де. Бұл 2007 жылы болған оқиға. Одан кейін 2009 жылы бір жағдай болды. Осы оқиғаның қорытындысы. Біз рудник ашып жатқанбыз. Жапониядан "Тошибаның" бастығы келген. Сол кісі бір кезде маған былай дейді: - Жәкішев мырза, жапон мен қазақтың жұмыскерлері бір-біріне қатты ұқсайды екен. Жаңа бір жағдайдың куәсі болдым. Жүк көлігі өтіп бара жатып, қабырғаға лай шашып кетіп еді, осыны көріп тұрған басқа бір жұмысшы келіп, сүртіп жатыр. Бұндай әлемнің басқа еш жерінде жоқ. Америкадан да, Еуропадан да бұндайды көрмейсіз. Бұндайды жапондар ғана істей ме деуші едім, сөйтсем қазақтар да сөйтеді екен ғой. Осылай дейді. Бір қызығы, жаңағы қабырғаны сүртіп жүрген жігіт Байкенженің жігіті. Екі жыл бұрын оны маргинал, түрмеде шіріту керек, қолынан ұрлықтан басқа түк келмейді деп бағалаған еді. Екі жылдан кейін "Тошибаның" бастығы келіп жаңағыдай баға берді. Енді ол бұл оқиғаны әлемнің қай жерінде жүрсе де айтып жүретіні түсінікті еді. Сөз соңында ол: - Мен енді инвестициямның далаға кетпегеніне сенімдімін, - деп тағы қуантып қойды. Баяғыда соттатамыз деген ұсынысты айтқан қызметкеріме қарап: - Көрдің бе? - дедім. - Сен кезінде ол жігіттердің болашағы жоқ деп едің. Қазір "маргинальное население" деген сөз көп айтылып жүр. Оларға жиіркене қарайды. Ол адамдар өзгеріп, бізді таңғалдыра алады, біз оларды айтып әлі мақтануымыз да мүмкін. Ол үшін оларға болашақты түсіндіру керек, оларға мүмкіндік беру керек.