1942- жылы АҚМОЛА ӨҢІРІНДЕ 106-шы кавалериялық дивизия құрылады. Қазақтың жігіттерінен ғана құралған бұл жасаққа берілген қару-жарақтың тізімі архивте сақталыпты. Акт приемки дейді ғой. Көрнекілік үшін, суретте қаруларының түрін тізіп қойдым. Совет солдаттары бұ кезде ппш дейтін иегінде дөңгелек оқшантайы бар автомат ұстап жүрген. Ал бұл дивизияда автоматтың 1 штугі де жоқ. Пистолет саны — ноль! 4091 солдатқа 102 ғана винтовка беріліпті. (Оның өзінде винтовкалар негізінен дивизияның командирлері – Борис Панков, Павел Руссов, Иван Кисилевтерге бұйырған) Сосын ескі 61 миномет таратылған. Онысы 300 метрге әрең жетеді. Осымен бітті. 42-нің мамыр айында Харковь облысы, Красноград кентіне бекініп алған фашистерге қарсы осы жалаңқол дивизияны айдаған. Танк, пулеметке қарсы. Шығын 100%. Орыс еместерді қарусыз шабуылға шығара берген,-дегенді әдебиеттерден көп оқығам. Атам марқұм, офицерлер біздерге (қазақ-өзбек) винтовка таратқанда 3 адамға 1-еуден беретін. Керек болса, немістен тартып ал,-деп жекуші еді. Шабуыл басталғанда, қаруы бардың қасында желпілдеп жүгіретінбіз. Ол оққа ұшса, лезде келесіміз винтовканы ала қойып, алға жүгіруші ек,-деп айтып отыратын. Сенбеп ем, кешір...